Дәрумендер – адам ағзасына өте қажетті пайдалы заттар. Олар денсаулықты сақтауға, бойдың өсуіне, ағзаның дұрыс жұмыс істеуіне көмектеседі. Әрбір дәруменнің өз қызметі бар.
Мысалы, А дәрумені көздің көру қабілетін жақсартады. В дәрумені жүйке жүйесін нығайтады. С дәрумені иммунитетті көтеріп, суық тиюден қорғайды. D дәрумені сүйектерді қатайтады, ал Е дәрумені терінің әдемі әрі сау болуына әсер етеді.
Дәрумендер көбінесе табиғи тағамдардың құрамында болады. Оларға жеміс-жидектер, көкөністер, сүт өнімдері, ет, балық және жаңғақтар жатады. Сондықтан күнделікті тамақтану барысында осы тағамдарды жиі пайдалану өте маңызды.
Ал зиянды тағамдарға чипсы, тәтті газды сусындар, фастфуд жатады. Олар ағзаға пайда әкелмейді, керісінше денсаулыққа зиян тигізуі мүмкін.
Қорытындылай келе, дұрыс тамақтану – денсаулықтың кепілі. Дәрумендерге бай тағамдарды жиі тұтыну арқылы біз өз денсаулығымызды нығайта аламыз.